Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘОЖ 94:930.1:903/904] (574) РАЙЫМБЕК батыр және оның кесенесінің салыну тарихынан

Ф.А. ҚОЗЫБАҚОВА. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, т.ғ.к. Ә.С. БЕКМАШ Ш. Уәлиханов атынд. Тарих және этнология институтының магистранты

ӘОЖ 94:930.1:903/904] (574) РАЙЫМБЕК батыр және оның кесенесінің салыну тарихынан

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Теги: Бөлек батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, албан руы, қалмақтар, Аралбай батыр, Райымбек батыр
Автор:
Аннотация Мақалада тарихи тұлға – Райымбек батырдың ата тегібаяндалады. Онымен қоса, батырға сенімді серік бола білген батырлар, атап айтқанда, Аралбай батыр, Қапай батыр, Сатай батыр, Бөлек батыр жайлы мәліметтер берілген. Райымбек 1705 жылы қазіргі Алматы облысының аумағында дүниеге келген. Ұлы жүздің албан руынан шыққан. Атасы – Ханкелді жазбаша дереккөздерге сәйкес, көшбасшы және дипломат ретінде белгілі. Бала кезінен Райымбек Отан қорғау рухымен өсіп, туған жерін Жоңғар құлдығынан босатқан.
Содержание:

Кіріспе.

Мақалада негізінен Райымбек батыр және оның кесенесінің салыну тарихы туралы айтылады. Сондай-ақ оның ерлік жолының бүгінгі ұрпаққа тағылымдық сабағ қарастырылады. 

Мақала жазу барысында Райымбек батыр мен оның ұрпақтары және кесенесі жайлы керекті мәліметтерді бірнеше архив құжаттарымен жұмыс жасай отырып жазған Р.Е. Оразовтың  мақаласы мен жазушы Қ. Сауранбаевтың қолжазбасы мен Қазақстанның киелі орындар географиясының 1-шығарылымы басшылыққа алынып, салыстырмалы түрде зерделенген.

Талқылау нәтижесі

Ұлы жүздің албан руынан шыққан қазақтың Райымбек батыры туралы жазушылар көптеген еңбектер жазғанымен, батыр және оның кесенесі жайлы тарихи зерттеулер өте аз. Мақаланы жазу барысында ауызша тарихқа жүгінуге тура келді.

Нәтижесі

Зерттеу барысында Райымбек батыр және оның ұрпақтарына қатысты  кейбір мәліметтерді архив қорларынан ала отырып, осы мақаланы көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

Негізгі бөлім

Райымбек (1705–1780 жж.), Ұлы жүздің албан руынан шыққан қазақтың батыры, оның әкесі – Төке, атасы – Ханкелді. Ол 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда ерлігімен көзге түседі.

1729 ж. Аңырақай шайқасында Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан басқарған біріккен қазақ жасағы құрамында соғысып, Қалдан Серен қоңтайшы басқарған жоңғар әскеріне жойқын соққы береді. Райымбек батырдың есімі Албан руының ұранына айналған. Ол – тайпа мен рудың мүддесінен биік тұрған және бүкіл тіршілігін жалпы қазақтың азаттығына арнаған батыр. Қазақ елі, қазақ жері деген биік ұғымға ғана бас иген. Оның әрбір шайқастағы ерлігі– қалмақтың табаны таптаған қазақ жері мен қалмақ қолында азап шегіп жатқан бауырларын азат етуге ғана арналған [1].

Қазақ тарихына ой сап қарасақ, Абылай мен Райымбек қана өз атын өзі ұрандап жауға шапқан екен. Райымбек батыр қаумалаған қалың жоңғармен соғысқанда өзін көп уақытқа дейін білдірмеген. Әскердің барлығы «Райымбек» деп ұрандағанда кім екенін білмей аңтарылатын болған. «Аты да көрінбейді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтындығы туралы ел ішінде, ауызша тарихта жиі айтылады [2].

Райымбек батырға қатысты осы уақытқа дейін аңыз болып келген ауызша мәліметтерді жинастыруда Қабылбек Сауранбаев пен Мөкен Болысовтар үлкен еңбек етті. Олардың жинаған материалдары М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнертану институтының қолжазбалар қоры мен Алматы облыстық мемлекеттік мұрағатының қорында, яғни Рақымжан Қилыбайұлының жеке қорында сақтаулы [3].Райымбек жайында дерек жинаған Қабылбек Сауранбаевтың «Райымбек батырдың шайқастары» атты қолжазбасы Төлен Қаупынбайұлының «Бес томдық шығармалар жинағының» 2-томында жарияланған [4].

Жазушы Райымбек жайында жақсы біледі-ау деген отыз шақты адаммен жолығып, жоғарыда аталған еңбегін солардың айтуы бойынша қорытындылаған. Оның 1922 жылы Райымбек батырдың өз ұрпағы 105 жастағы Нартұлы Қашағанмен, 1924 жылы Суан Сатай батырдың ұрпағы 115 жастағы Кезеңқараұлы Әділбекпен кездесуі айрықша бағалы. Өйткені екеуі де аталарының ерлігін ел аузынан емес, өз әкелерінен және ағайын-туыстарынан бала күнінен естіп өскен. Сондықтан бұл жағдай Сауранбаевтың деректеріне сенімімізді арттыра түседі.

Райымбек батырдан тараған ұрпақтар туралы деректер архив қорларында баршылық. Бірнеше архив құжаттарымен жұмыс жасай отырып жазған Р.Е. Оразовтың  мақаласынан да Райымбек батыр және оның ұрпақтары жайлы керекті мәліметтерді ала аламыз [3].

Батыр Райымбектің ата тегіне келсек:

Ол, Ұлы жүз, Албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан тарайды. Бабасы Алжанның үлкен ұлы Сырымбет өз тұсында Албан еліне танымал би болған, батыр болып өткен адам. Ел ішінде “Сырымбеттің сүйегі Сыр бойында” деген сөз бар. Жаугершілік заманда Сырымбет Алжан ұрпақтарының жауынгерлік ұраны болды, оның ұрпақтарынан батырлық, байлық, мансап үзілмеген. Сырымбет бидің қазақ тарихындағы аты қалған даңқты баласының бірі – Хангелді батыр (1663–1760). Ол жоңғар шапқыншыларына қарсы үйсін тайпасының басын қосып, ұзақ жыл бойы азаттық соғыс жүргізген әйгілі қол басы.

Атасы Хангелді батыр ХVІІІ ғ бірінші жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген.

Жазба деректерге қарағанда Хангелді де сегіз ұл болған. Олар: Тілеуке, Түке, Мөңке, Дөңке, Тұрсын, Жуң (Айбас), Қайбас, Егемен.

Ал Райымбек Түкеұлы Хангелді немересі күллі Албан тайпасының ұранына айналған қасиетті жан. Исі қазаққа ортақ аруақты Әулие Ата.

Тарихи жазбаларда аты қалған Райымбек батыр отыз үш жыл жаумен соғыс убарысында 77 рет жараланып, елі үшін ерекше еңбек сіңірген, есімі Албан тайпасының ұранына айналған теңдессіз халық арысы. Райымбек 17 жасында-ақ жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен, ерлік көрсетіп батыр атанады. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер,  Төрехан т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат еткен. Торайғыр және Сөгеті аралығындағы «Ойран төбе» шайқасында ерекше көзге түскен. 1733 жылы Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Албан тайпасына ұран болған әйгілі Райымбек батырдың Абылай ханның сынына байланысты айтыпты деген мына өлең шумақтары Хангелді батырдың ұлдарының кімдер екенін айқындай түседі.

Атам менің Хангелді.

Уысында қан келді.

Судай аққан қан көрді.

Аққан қанды тыюға

Алаштың басын жиюға,

Абылайдай хан берді.

Астымдағы құнан кер,

Құнан керде құранды ер.

Әубәкір ұста жасаған

Менің ғана бәсірем.

Нағашым батыр Орақты

Бәсіре етіп көк құнан,

Маған сауыт арнапты.

Атам менің Хангелді

Жеті бірдей ұл берді.

Үлкені батыр Тілеуке,

Екіншісі Ер Түке

Ер Түкеден мен тудым,

Ер болуға бел будым.

Қабылбек Сауранбаевтың жинаған дерегіне қарағанда, Райымбекті «Туғаннан жеті жасына дейін атасы Хангелді баулыпты». Сол жасқа келгенінде жалайыр Орақ батырдың тұқымынан тарайтын нағашысы, жігіт болғанда жиенім мінсін деп, бір көк тай асынсын деп, садақ, айбалта, қылыш, найза, қалқан, сауыт, болат семсер әкеліп, атасы Хангелдіге тапсырыпты. Сірә, жиеніне беруге тиіс қырық шұбар тайының өтеуі болса керек. Көк тайына Көкқойнақ деген атты Райымбектің өзі қойыпты. Атын секіртіп, суға жүздіріп, жатқызып-тұрғызып үйреткеніне қарағанда, Райымбек бала кезінен жылдам, қимылына көз ілеспейтін шапшаң, өте епті, әскери әдістерді жақсы меңгерген әбжіл бала боп өскен. Оның жастайынан әскери ойындарға құмарлығы біреулерді шошытса, біреулерді сүйсінткен. «Мына соғысу жолында жиырма бес жылдай болды», – деген Қ.Сауранбайұлының тұжырымымен келіссек, Жетісудың шығысын жаудан тазалау үшін, Райымбек 15 жасынан 40-қа келгенше, 1745 жылдан 1770 жылға дейін соғысқандығын байқаймыз.

1745 жылы көктемде Наурызбай батыр бастаған ұлы жүз қолы Қарқарада қалмақ әскерін қирата жеңген соң, қазақ жауынгерінің бір тобы, ішінде Хангелді де бар, сең жүріп кеткендіктен, Іленің оң жағалауына өте алмай бөгеліп қалады. Себебі сең соғып, атты жүздірмейді және аттың үстіндегі адамға да қауіпті. Атасының қасында жүріп соғысуды ежелден армандап өскен жаужүрек ұл өзі жылқыда жүргенде аттанып кеткен атасын дәл сол кезде Іленің жағасында қуып жетеді. Бала жағдайды естіпбілген соң, Іленің бергі бетінен арғы бетіне жететіндей етіп қамысты будырады да, бір шетін бергі беттегі ағашқа байлап, екінші шетін су бетімен арғы бетке Көкқойнақпен сүйреп өтеді де, ол жағын да мықтап бекітіп қайтады. Енді көшкен сең су бетімен ақпай, қамысқа сүзіліп тоқтайды да, бірте-бірте біріне-бірі жабысып қалыңдай береді. Сөйтіп, таң атқанша бір-біріне кіріккен сең сіресіп, бірнеше атты кісі өте шығатындай мұз көпір болып қатып қалады. Ондай өткелді күзер деп атайды екен. Он бес жасар баланың бұл тапқырлығы қазақ жауынгерлерін қатты таңғалдырады. Бәрі сол арада оның аты-жөнін сұрап, Хангелді батырдың немересі екенін біледі. Бүгінге дейін ел аузында бұл оқиға «Іле айырылған» деп аталады. Іле бойында батырдың қылышын шаншыған жерінен ыстық су шыққан,сол жерден «Аяққалқан» деген атпен Арасан пайда болған. Бүгінде ол өткелде және «Аяққалқан» арасанда, Қапшағай көлінің астында қалды.

Қалмақ жаулап алған жерде өмір сүріп жатқан қазақ жігіттерінің басын біріктіріп жасақ құруы - Райымбек батырдың нағыз баға жетпес қызметі.

Райымбек – тайпа мен рудың мүддесінен биік тұрған және бүкіл тіршілігін жалпы қазақтың азаттығына арнаған батыр. Қазақ елі, қазақ жері деген биік ұғымға ғана бас иген. Оның әрбір шайқасы - қалмақтың табаны таптаған қазақ жері мен қалмақ қолында азап шегіп жатқан бауырларын азат етуге ғана арналған.Райымбек құрған әскери жасақ – ел басқарып отырған ханның да, бидің де бұйрығымен емес, тек Райымбектің өз шешімімен және әркімнің елсүйгіш ниетімен бас құраған жасақ. Оның әскери құрамасына Жетісу аймағының шығыс өңірін жайлаған жалайыр, албан, суан, дулат, шанышқылы сияқты біраз қазақ тайпасының жас батырлары, тіпті қалмақтың өз адамдары да біріккен.Райымбек жасағы ат-көлікті өздері тауып мініп, қару-жарақты тек өздері жасап, өздері тауып қаруланған.

Райымбек қолының ең басты әрі ең маңызды ерлігі – Іленің сол жақ бетінде Түргеннен Сүмбе мен Қалжатқа дейінгі, оң жағында Алтынемел мен Қоғалыдан Қорғасқа дейінгі еліміздің шығыс шекарасын қалмақтардан тазартуы, әрі сол шекараны олармен келісе отырып белгілеуі. Бұл, шындап келгенде, мемлекеттік мәні бар миссия. 1881-жылғы Петербор келісімі бойынша Іленің сол жағында Сүмбе мен Қалжатқа, оң жағында Қорғасқа дейін қазаққа қараған жер Райымбек бабамыз он сегізінші ғасырда белгілеген шекарамен бірдей. Бұл - оның ерлігі мен көрегендігінің ең игілікті мұрасы.

Соншама ұшан-теңіз ерлік пен жеңіске қол жеткізген Райымбек батырдың оң қолы саналған адамның бірі - жүзбасы жалайыр Бақай батыр. Мықтыбек деген бидің баласы. Оның жасы Райымбектен біраз үлкен болса керек. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында оның туған-өлген жылы 1703–1802 деп көрсетіліпті. Қ.Сауранбаевтың жинаған деректерінде ол қалмақ Төреханның қамалын алған кездегі жарақаттың зардабынан Райымбек қайтыс боларда оны үйден көтеріп шығарып, үйге көтеріп кіргізген адамның бірі болған көрінеді. Қазақ ондай сыйластықты қанды көйлек, үзеңгілес серігі деп бағалаған.

Мөкен Болысұлы жинаған «Райымбек батыр» дастанында: «Райымбек батыр қазақ сарбаздарын үшке бөлді. Бірінші Бақай батырды Алатаудың оңтүстік жағын тазалап шығып, Шөладырдан табысуға уәде жасады», –дейді де, ол жаудан тазалаған жерлерді атап-атап жырға қосады:

Бақай батыр жөнелді,

Түргенді басып Асыға,..

Тінтусалыпкеледі,

Сай-саланыңтасына...

Қашқанқалмақсоңынан

Малынжиыптағыалды,

Далашықтыңжолынан.

Қалмақтыңбайжөнелді,

Таушіліктісағалап,

Қашыпкеледітоқтамай,

ҮшМеркеніжағалап...

ӨтешықтыБақай да

Қарқаранысағалап.

Тоқтамайқалмаққашыпты,

Шұбарталдыбұлбасып,

Шөладырдыңтауында

Бақай да кепқосылды,

Райымбеккеұласып.

Бұл өлең жолдарында шындық бар,өйткені 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісін бастаушылардың бірі Серікбай Қанайұлы Бақай болысы деп осы батырдың атымен аталатын Асы мен Түргенді жайлаған қызылбөрік руының болысы болған. Жалайыр тайпасының батырына албан тайпасының құрмет қылып, оған өз болыстығының атын беруі, батырдың асқан ерлігіне сүйсінген, соны қадірлеген елдің үлкен ілтипаты болмаса, өйтіп ел-жұрт болыстықтың атын оған бере салмаса керек. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары үйез таратылып, аудан құрылуына байланысты, Верный үйезіне қарасты Бақай болыстығы да жойылды. Өкінішке қарай, содан бері Бақай батырдың аты да, ерлігі де көмескіленіп, бірте-бірте ұрпақтар жадынан шығып бара жатыр. Жетісуда Бақай деген жер аты сақталғанын албан шежіресінен де байқалады. Талғардың басындағы Бақайтау аталатын жер батырдың үлесіне берілгенін Қ.Сауранбаев та айтады. Бақай – Жаркент пен Көкталдың ортасындағы қалмақтың Төрехан атты басшысы орналасқан қамалды шабуылдау кезінде үлкен ерлік көрсетіп, Райымбек бір қақпаны алғанда, екінші қақпаны шабуылдаған жанкешті батыры, әрі сенімді серігі болған адам. Сол соғыста Райымбек батырдың біраз серігі қаза тауып, біразы жараланған. Өйткені қалмақтар қамалға бекінсе, қазақтар оны атпен ашық даладан келіп шабуылдаған. Қалмақтардың қару-жарағы мен оқ-дәрісін сақтаған мықты бекіністі алу кезінде Райымбектің өзі жамбасынан ауыр жарақат алып, Бақай да шайқастан жарадар болып шыққан. Ол соғыс - Райымбектің қалмақтармен ең шешуші әрі ең соңғы соғысы. Жеңілген, қашып зорға құтылған Төрехан Қорғасқа дейінгі жерді қазаққа босатып беруге келіскен. Ол қорған ертеде Түргенкент, беріректе Түрген тоғай аталатын. Ол қорғанның қираған қалдығы Алматы – Қорғас күре жолының бойында, Үшарал ауылының желкесінде әлі күнге көрнеу жатыр. 1856 жылы Қашғарға өткен сапарында Шоқан дүрбі салып алыстан көріп, осы Түргенкент туралы күнделігіне біраз нәрсе жазыпкеткен. Ең өкініштісі – жол үстінде жатқан бұл қамалдың еш жерінде Райымбекке де, Бақайға да, басқа батырларға да қатысты ешқандай белгі жоқ. Бүгінгі ұрпақ бұл қамалдың өз бабаларына қатысты тарихын білмейді.

Райымбекке сенімді серік болған екінші бір адам – Суан Аралбай батыр. 1733 жылғы ұлы жүз қазақтарының орысқа бодан боламыз деген хатын тасушының бірі болғанына қарағанда, ол да Райымбектен біраз жас үлкен. Қорын ханға қарсы алғашқы соғысынан бастап-ақ Райымбектің қасында болған. Ол ізші, тас қараңғы түнде де адаспай жол табатын адам болған деседі. Жалаңаш, Үш Меркіні билеген Ағанас хан мен Көміршіні жайлаған Арыс ханмен Райымбек келісім жасағанда, Аралбай өзге серіктерімен бірге оның қасында болған. Іленің оң жағалауын жайлаған суан жұрты Райымбектің Сатай, Бөлек секілді серіктерін ежелден білгенмен, Аралбай батырдың ерлігін егжей-тегжейлі біле бермейді. Райымбек Алматының шығысында Албансайда (бұрынғы Юбилейный ауылы) туса, Аралбай содан кейінгі Суансайда (қазіргі Кеңсай) туылған. Ал Бақай батыр Талғардың бас жағын мекен қылған деседі. Олай болса, ауылдары көрші болғандықтан, бұл үш батыр бір-бірін бала күндерінен біліп өскен деуге болады.

Райымбектің тағы бір аса сенімді серігі – жалайыр Қапай батыр. Бақай, Қапай екеуінің аттары ұйқас келгенмен, олардың ағайындығы жайында шежіреден еш дерек кездеспейді. Ғалым Қадырбек Жүнісбаев Қапай батырдың аты Мәскеу мұрағатында 1733 жылы жазылған хатта бар екенін кезінде «Лениншіл жас» газетіне жариялаған [5]. Қорын ханмен келісім жасарда қасына ертіп барғанына қарағанда, Райымбек Қапайды қатты бағалаған және оған ең маңызды істерді тапсырған. Түрген қамалына шабуыл жасар алдында Қапай батыр Төреханның туған інісін және сенімді деген бірнеше серігін тұтқынға түсіріп, қалмақтардың әскери жай-күйін алдын ала біліп алады. Қамалды шабуылдаған кезде қатты қайрат көрсетіп, жеңіске жетуге көп көмек жасаған. Кейін өзі тұтқынға алған Төреханның інісінен басқа қалмақтар қазақ болып, Қапайдың туыстары саналып, жалайыр тайпасына сіңіп кетеді.

Азаттық соғысында Райымбектің қасынан табылған хас батырдың бірі – Суан Сатай батыр. Райымбек қолы Түрген қамалын аларда Сатай батыр өз жасағын бастап кеп соғысып, жеңістен кейін Өсек өзенінен Қорғасқа дейінгі аралықтан өріс алады. Қазіргі Сартау, Сарыбел, Бұрхан, Жаркент, Шежін, Алмалы, Ойжайлау, Басқұншы, Қорғас жерлерін жаудан тазарту кезінде Сатай батыр – айрықша ерлік көрсеткен адам.Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұрпақтары Сарыбел ауылында Сатай батырға ескерткіш қойды. Жаркент үйезі тарағанға дейін оның құрамында Сатай болысы болды.

Аты Сатай батырмен қосарлана аталатын суан тайпасынан шыққан Бөлек батыр да Райымбекпен қол біріктіріп соғысқан адам. 1733 жылғы ұлы жүз хатына Хангелдімен бірге қол қойған бұл Бөлек емес, шапырашты Бөлек екенінде дау болмаса керек. Себебі ол кезде суан Бөлек төрт жасар ғана бала. Ал Бөлек Қараұлы – Аңырақай шайқасында қалмақтың бас батыры Аңғырақты бірінші жекпе-жекте жеңіп, атағы бүкіл Жетісуда шалқып тұрған батыр. Райымбек батырдың шайқастарына қатысқанда, Суанның Бәйтүгейден тарайтын ұрпақтарын Сатай басқарса, Бөлек Тоғарыстан ұрпақтарына басшы болған. Батырлығын бағалаған ел оны жастығына қарамастан би сайлаған. Райымбек Қорын ханды шапқанда, Сатай мен Бөлек қолы Бұғыты мен Тастықара маңайынан қалмақтарды қуып шығуға қатысқан. Қазақтың біріккен қолы Түрген қамалын алғаннан кейін ол өзіне қазіргі Қоңырөлең аймағын өріс қылған. Жаркент қаласының орталық бағында Бөлек батырға орнатылған ескерткіш бар. Шежіре деректерін салыстыра қарасақ, Сатай, Бөлек, Райымбек батырлардың қазір 8-ші, 9-шы ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Демек, олардың жас шамасы бір-бірінен оншалық алшақ болмаған

Қ.Сауранбаев жазбасында аты-жөні ауысып айтылған бір батыр бар, ол - Шанышқылы Қожамберді батыр. Райымбек шайқастарына бастан-аяқ қатысқан адамның бірі – албан Ырыскелді батыр. Бірақ Ырыскелді мен Аралбай батырдың ұлы жүз қазақтарының хатын патшаға жеткізуші болғанын тарихи деректер дәлелдейді. Албан тайпасының шежіресінде: «Ырыскелді Шабар батырға еншілес болған. Ол да батыр екен. Шабар өз туын Ырыскелді батырға қалдырған делінеді», – деп жазылған[6]. Демек, оның ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпаған.

Райымбек батыр кесенесініңсалыну тарихы жөнінде бірер сөз.

Қазақ елінің азаттығы жолында күрескен Райымбек батырдың сүйегі жатқан жер халқымыз үшін киелі орын болып табылады. Азамат соғысы кезінде батырдың моласы қиратылған.  1960-шы жылдары осындағы мұсылман зиратын ысырып тастау жұмыстары жүргізілген. Бірақ жергілікті халықтың айтуына қарағанда зиратты ысыру кезінде біраз құрылыс техникалары істен шығып, басқа да кедергілер орын алған. Осылайша зират аман қалған.

Кеңес өкіметі кезінде Райымбек батырдан таралған ұрпақтар Алматы қаласындағы батырдың жерленген орнына белгі қою туралы бастама көтеріп, Қабылбек Сауранбаев, Рақымжан Қилыбаевтар Орталық партия комитеттері мен қалалық басшылықтарға хаттар жолдап отырды. Тек 1975 жылы ұлт қайраткері Д. Қонаевтың араласуымен батыр қабірі темір қоршаумен қоршалады. Батыр бабамыздың қабіріне байланысты мәселе осылайша араға біраз уақыт салып барып қана шешімін табады. Бұған сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы К.М. Аухадиевтің де қосқан қомақты үлесі болды. Ал 1981 жылы батыр қабірінің басына ескерткіш құлпытас орнатылады. Ескерткіштің архитекторы – Т. Мағзұмов.

Кейін 1982 жылы батыр қабірінің тарихи төлқұжаты жасалынады. Төқұжатты жасаушы А. Тоқтабай еді. Төлқұжатта «Райымбек Хангелдіұлы 1705–1780 жж. Ескерткіш белгі 1981 жылы орнатылған. Ескерткіш орналасқан жер: Алматы қаласы, Ташкент көшесі, орталық зиратқа қарама-қарсы жер» – деп көрсетілген [3, 57-б.].

1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық қоғамының бастамасы бойынша атақты батырдың бейітіне сәулетті кесене тұрғызылады. Ол Алматы қаласының 1991 жылдан бастап Райымбек даңғылы деп аталған халық көп жүретін үлкен көшенің бойында орналасқан. Кесене архитекторлары Б.Ибраев, Ш. Өтебаев, С. Ағытаев. Кесене шатыр құрылымдағы конус тәрізді күмбезді болып келген, басына жарты ай орнатылған. Кіреберісте шөккен түйенің мүсіні орнатылған. Аңызға сәйкес «менің  мәйітімді ақ түйенің үстіне артып, түйе қайда шөксе сонда жерлеңдер» деп өсиетін орындау мақсатында қойылған [6, 79-б.].

Райымбек батыр кесенесі республикалық маңызы бар тарихи, архитектуралық және монументалдық сәулет ескерткішіне жатады. Оған қоса батыр жерленген жер тәуап ету және туризм нысаны болып саналады.

Қорытынды

Райымбектің жауынгер үзеңгілес серіктерін түгендеп зерттеу, қазіргі күнде толық емес. Қ.Сауранбаев дерегінде айтылатын Биеке, Тілеуке, Ердес, Барақ, Өтеп, Ақбас батырлардың кім екенін даралап зерттеу, әлі шешімін таппаған.

Қарап отырсақ, өзіне серік болған батырдың бәрі Райымбектен бірер жас болса да үлкен болған. Ақылдасқанда, оның үнемі өз сөзін: «Ағалар!» – деп бастайтыны да соны аңғартады. Алайда өздерінен кіші болса да, барлықбатыр оның қолбасшы болғанын қалаған. Өйткені өжеттігі, тапқырлығы өз алдына, ол ақыл-парасатымен де, ұйымдастырғыш қабілетімен де ерекшеленген. Мәселен, Секер ханмен шайқастан соң, қалмақтардан түскен олжаны бөлгенде, бас қолбасшы Райымбекке 375 жылқы; Арыс ханды жеңген соң, 400-ден артық бас жылқы, қалмақ Төреханды жеңген соң, 400-ден астам жылқы тиесілі болады. Бірақ ол бұл олжадан бірде-бір мал алмай, бәрін шайқасқа қатысқан немесе шайқаста қаза тапқандардың отбасына, мүгедектер мен кедей-кепшікке бөліп бергізеді. Оның айрықша әдептілігін, адалдығы мен дүниеге қызықпайтын жомарттығын; тура жүріп, тура сөйлейтін көсемдігін, адамгершілігінхалық бағалаған және мойындаған. Райымбек батыр ерлігімен өлместей атағын өзі шығарып кеткен, тарихи тұлға.

Әдебиеттер:

1.  Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-том Алматы, 2005.  728 б

2.  https://e-history.kz/kz/publications/view/1495

3.  Р.Е. Оразов Райымбек батыр: зиратына белгі қалай қойылды // Туған Өлке. 2012 №3-4. 56-б.

4.  Төлен Қаупынбайұлы. Бестомдық шығармалар жинағы. 2-том. - Алматы, 2008. 104–167-бб.

5.  // Лениншіл жас. – 1968.  – 12 мамыр

6.  Албан тайпасының шежіресі «Бәйдібек – алып бәйтерек». - Алматы, 2003. 449-б.

7.  Қазақстанның киелі орындарының географиясы, 1-шығарылым. - Алматы, 2017. 78-б.

References:

1.  Kazakhstan. Ulttyk ensiklopediasy. 7-tom. - Almaty, 2005.  728b.

2.  https://e-history.kz/kz/publications/view/1495

3.  Tolen Kaupynbaiulynyn “Bes tomdyk shygarmalar zhinagy” 2-tom, - Almaty, 2008. 104–167-bb.

4.  R.E. OrazovRaiymbekbatyr: ziratynabelgiqalaiqoiyldy // Tugan Olke. 2012. №3-4. 56-b.

5.  // Leninshil zhas. – 1968.  – 12 mamyr

6.  Alban taipasynyn shezhiresi “Baydibek – alyp bayterek”. - Almaty, 2003. 449 b.

7.  Qazaqstannyn kieli oryndarynyn geografiasy, 1-shygarylym. - Almaty, 2017. 78 b.

Ф.А. КОЗЫБАКОВА, Казахский национальный университет имени аль-Фараби, к.и.н., ассоц. проф., A.С. БЕКМАШ, магистрант 2-курса

ИЗ ИСТОРИИ БАТЫРА РАЙЫМБЕКА И ЕГО МАВЗОЛЕЯ

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются происхождение Райымбек батыра. Предоставлены различные интересные факты из жизни батыра.

Райымбек родился в 1705 году на территории современной Алматинской области.  Происходил из рода албан, подрода алжан. Дед Райымбека Кангельды (Хангельды) по письменным источникам известен как предводитель и дипломат. Он участвовал в российско-казахских переговорах, а в 1734 году посетил в составе казахской делегации Петербург. Его имя также встречается в памятниках казахско-джунгарских взаимоотношений. С детства Райымбек рос в атмосфере защиты Родины и освобождения родных земель от джунгарской кабалы.

Ключевые слова: Райымбек батыр, албаны, калмыки, Аралбай батыр, Капай батыр, Сатай батыр, Булек батыр

F. A. KOZYBAKOVA, Al-Farabi Kazakh National University, Ph. D., Associate Professor, A.S. BEKMASH, 2nd Year  Master’s  Student

FROM THE HISTORY OF RAYIMBEK BATYR AND HIS MAUSOLEUM

Summary 

This article discusses the origin of Rayimbek Batyr. The authors provide various interesting facts from the batyr's life.

Rayimbek Batyr was a famous Kazakh warrior from the 18th century. 'Batyr' is an honorific term meaning hero in the Khazakh language, his given name was Raiymbek. He actively resisted the Dzungar invasion in the Kazakh territories and played a major role in liberating the Kazakhs from Dzungar rule. Rayimbek's grandfather,  Kangeldy (Hangeldy) according to written sources is known as the leader and diplomat. He participated in the Russian-Kazakh negotiations, and in 1734 he visited St. Petersburg as part of the Kazakh delegation. His name is also found in the sources on the Kazakh-Dzungar relationship. Since childhood, Rayimbek grew up in  the atmosphere of protecting the Motherland and liberating his native lands from the Dzungar bondage.

Keywords: Rayimbek Batyr, albans, kalmyks, Aralbay Batyr, Kapay Batyr, Satay Batyr, Bulek Batyr.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь