Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » 395 (574) ҚАЗАҚ КЕЛІНДЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБІ (ЭТИКЕТІ)

Г.А. МЕЙРМАНОВА, т.ғ.к., доцент Әл –Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Археология, этнология және музеология кафедрасы

395 (574) ҚАЗАҚ КЕЛІНДЕРІНІҢ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБІ (ЭТИКЕТІ)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Теги: отағасы., ат тергеу, қайынене, қара шаңырақ, үлкен үй, Этикет
Автор:
Мақалада автор қазақ қоғамындағы келіндердің алатын орны мен әдебін нақты сипаттаған. Қазақ келіндерінің этномәдени әдебі күнделікті өміріне кірді. Ғасырлар бойы көшпелі қоғамға тән бұл болды. Мұндай таңертең ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізесін бүгіп сәлем салып, күнделікті жұмыстар – таңертең ерте шай қою, дастарқан жасап, шай беру, үй тазалау, тамақ әзірлеу, сиыр сауып, күбі пісу, мал жайғастыру, қонақ күту және т.б. шаруалармен айналысады. Күнделікті жұмыстарға өз уақытында үлгеру үшін ерте тұрып, кеш жатып шаруашылық түрі ұзақ уақыт бойы аз мөлшерде негізделген біржақты қазақ асханасының ерекшеліктері ең алдымен ет және сүт пайдалану, сондай-ақ, тары сияқты астық өнімдерін пайдаланудан құрылды. Түйін сөздер: этикет, үлкен үй, қара шаңырақ, қайынене, ат тергеу, отағасы.
Содержание:

Кіріспе. Келін әдебі  беті ашылып, той өткен соң жаңа ортаға түскен келін үшін бұлжымас қағида болып та­былатын мінез-құлық, тәртіп нормасы. Келін түскен үй өз келінін ізеттілік, сыпайылық, инабаттылық, сыпайы тұрпат, жинақы қимыл, жарасымды, икемді қозғалыс, имандылық, көргенділік, тазалық, пәктік тәрізді қасиеттерді қамтитын, қоғам, ұжым мүшелерінің қарым-қатынасындағы ізгілік нормаларының мүлтіксіз орындалуын білдіретін, қауымдасып өмір сүрудің дәнекері болып табылатын ахлақ (мораль) ережелеріне сай етіп тәрбиелеуге көңіл бөледі.

Материалдар мен әдістер. Далалық этнографиялық зерттеу әдістерін пайдану арқылы. Сырттай бақылау әдісін пайдалану арқылы қазақ келіндерінің іс-әрекетін жасаған.Зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде табиғат құбылыстары мен қоғамды танудың диалектикалық әдістері пайдаланылды. Зерттеу барысында жалпы ғылыми және арнайы-тарихи әдістер қолданылды. Жалпы ғылыми әдістер арасында анализ, синтез, логикалық әдістер қатыстырылды. Арнайы-тарихи әдістер санатында тарихи-ретроспективті, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелі әдістерді айтып өтуге болады.

Талқылау. Қалыңдық келін болып түскенге дейін шешесінің, жақын жеңгесінің қамқорлығын көріп, өзін әдепті ұстауға жас кезінен тәрбиеленіп келеді. Оған өзінің отбасы ғана емес, «қызға қырық үйден тыйым» принципі бойынша бүкіл ауыл жанашырлық танытып, қыздарының келін болып түскен еліне «тастай батып, судай сіңіп» кетуіне, «отырса опақ, тұрса сопақ» болмай, жақсы келін атануына тілектес болады, қыздарына жақсы тәрбие беруге үлес қосады [1]. Жаңа ортаға түскен келіннің тәрбиесі беташар жырынан басталады. Бета­шарда келіннің жаңа өміріндегі қызметіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, адамдармен қарым-қатынасына байланысты бағыт-бағдар беріліп, күнделікті тұрмысында пайда­сын тигізетін ақыл-кеңестер айтылады. Ата-анасының, жеңгесінің, ауылының тәрбиесін көріп, жаңа елге түскен жас келін беташарда айтылған ақыл-кеңестерді басшылыққа алып, той өткен күннің ертеңіне ерте тұрып, күйеуінің ата- анасы отырған үлкен үй, қара шаңырақ деп аталатын үйдің түндігін ашады. Одан кейін қайнағаларының, ең соңында өз отауының түндігін ашады. Отау үйге от жағу үшін үлкен үйден от (от жағатын тамызық, шоқ) алуға барады. Одан әрі өз міндеттерін атқарудың алдында таңертеңгісін ізеттілік көрсетіп, ата-енесіне тізесін бүгіп сәлем салып, күнделікті жұмыстар – таңертең ерте шай қою, дастарқан жасап, шай беру, үй тазалау, тамақ әзірлеу, сиыр сауып, күбі пісу, мал жайғастыру, қонақ күту және т.б. шаруалар­мен айналысады. Күнделікті жұмыстарға өз уақытында үлгеру үшін ерте тұрып, кеш жатып күн ұзаққа бір тынбай көп іс бітіреді.

Нәтижесі. «Қатынды бастан, баланы жастан» дегендей жігіттің шешесі, әкесі келіннің жүріс-тұрысына, іске икемділігіне, мінез-құлқына назар аударады. Өйткені, әр елдің салты әртүрлі. келінді жаңа ортаға бейімдеу түскен үйіндегі үлкендерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. келиннің қандай болмағы түскен жеріне де байланысты. «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деп бекер айтылмайды. Қазақтың дәстүрі бойынша үйленген балаға бірден еншісін беріп, малына ен-таңбасын салып, өскен отбасынан бөлектеп жібермей, белгілі бір уақытқа дейін жастардың отауын оң жағына қондырып, келінді сыннан өткізіп, енесі мен абысындары жаңа түскен келинннің міндеттерін айтып, істейтін істерін, сөйлейтін сөздерін т.б. үйретіп, қадағалап отырады. келінннің өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, келешекте ізетті, еңбекқор келін, қадірлі ана, жақсы отбасы қалыптасуына ықпал етуде енелердің өмір тәжірибесінен алып айтатын ақыл-кеңесінің маңызы зор.

891cfcbe17b4305ffa194cdb86f83c7c.png


№1 сурет Келін. А.Соловьевтың фотоальбомынан. 1904 ж. ОГҚ архиві (Разряд 112,  опись 1, № 943)

Ел ішінде көпті көрген, ел анасы атанған парасат­ты енелердің «Келініңді қызыңдай көр, қызың келін болмас па», «Ұлың үйленсе ырысың, қызың орын тап­са өрісің», «Келін жаман емес, келген жері жаман», «Келінді қайынененің топырағынан жаратады», «Жақсы келін қызыңдай, жақсы күйеу ұлыңдай», «Келіні жақсы үйдің керегесі де алтын» деп айтып отыратын мақал- мәтелдерінің астары тым тереңде жатыр. Мұндай халық даналығы жаңа түскен келінді қалай қабылдау керектігіне меңзейді. Сондықтан да кешегі қыз, бүгінгі жас келінді о ба­стан үй шаруасын жүргізу мен меңгерудің жаңа ортадағы үлгісіне, қыр-сырына бейімдеп, оң мен солын тезірек та­нуына көмектесу қажет. Аталарымыздың «Қатынды ба­стан (тәрбиеле), Баланы – жастан (тәрбиеле)» деп өсиет қалдыруы келінге деген осындай жанашырлық пен игі ниет­тен туған [1, 63-б.].

Осылай басынан бейімдеудің арқасында кешегі бойжеткеннің, қазіргі келіннің әлеуметтік мәртебесінің (статусының) өзгеруіне орай оның жүріс-тұрысына, іс-қимылына, адамдармен қарым-қатынасына, мінез-құлқына, сөзіне, киіміне т.б. өзгерістер еніп, олардың қыз кезіндегі түр-сипатына шектеулер қойылып, тый­ым салынады. Келін ата-баба салт-дәстүріне мойынсұнады. Солардың бірі – байырғы қазақ тұрмысында келіндердің қайынжұртының адамдары мен дүниеден өткен ата- бабаларының есімдерін тура атамай, тұспалдап атау дәстүрі. Қалыптасқан дәстүр бойынша жас келіннің түскен жерінің үлкен-кіші ерлері мен әйелдеріне өзінше ат қойып, тұспалдап атауы ат тергеу деп аталады. Жас келіннің ат тергеуі түскен еліне, күйеуінің туыстарына де­ген ізгі құрметінің, әдебінің бір көрінісі болып саналады. Келін әдетте, күйеуінің аға-қарындастарына: үлкен үйдегі кісі, Жәкем, Атытеріс, Арайлым, Шырайлым, Жарқыным, Сұлуым, Бикеш деген балама есімдер берсе; інілеріне: Мырза бала, Кенжетай, Ақжігіт, Мырза жігіт, Еркем, Ақтөре, Кішкенем деген сияқты балама аттарымен атаған. Тіпті, бір заттың аты сол туысқандарының атымен сәйкес болғанның өзінде, оған да келісімді ат қойып атаған. Келіннің күйеуінің туысқандарын осылайша балама аттарымен еркелетіп атауын, күйеуіне деген сый-құрметтің белгісі деп білген.

Ат тергеуде ұтымды, жарасымды қойылған әрбір ат­тан келіннің тапқырлығы, қоршаған дүниені тануы (теңеу сөздерге шешендігі), ақылдылығы, тіпті, жарасымды әзілқойлылығы да таныла түседі. Бұрынғы тұрмыста өз күйеуін әдеп бойынша «біздің үйдің кісісі», «отағасы», деп атайтын келіндердің ата-енесімен, басқа адамдармен амандасу ерекшелігі мен сәлем салуы да келін мен қайынжұрт арасындағы өзара сыйластық пен береке- бірлікке қызмет ететін әдет-ғұрып нормаларының біріне жатады [2, 32-б.].

Келіннің сәлем салуы (тәжім етуі)– жас келіндердің ата-енесіне ізеттілік көрсетіп, иіліп сәлем беруі, амандасуы. келін ата-енесіне күнде таңертең және олар ұзақ уақыт басқа жақта болып келгенде сәлем салады. Келінің сәлемін алған ата-енесі немесе басқа да жасы үлкен кісілер «Өркенің өссін!», «Бақытты бол!», «Ұл тап», «Көп жаса, қарағым» деп жақсы тілек айтып, ризашылығын білдіреді. Келін қазақ салтында амандасқаннан басқа уақыттарда да сәлем салып жатады, яғни ел ішінде сәлем салудың қалыптасқан түрлері кездеседі.

ccbe7015cfb76501b40fd1a56fc8880e.png


№2 сурет Келін түсіру. ҚР МОМ қорынан (КП 23396-3)

Келіннің сәлем салуының түрлері – келіннің әртүрлі жағдайда иіліп ізеттілік көрсетуі. Қазақ елінің кейбір өңірінде, мәселен Сыр өңірінде, әлі күнге дейін жалғасын тауып, қаймағы бұзылмай келе жатқан сәлем салу дәстүрінің екі түрі қалыптасқан, бірі – келіндердің өз күйеуінің үлкен ағайындарына, екіншісі – қазақтардың үлкен асын (етті) жеп болған соң табаққа сәлем салуы (ПМА - 1). Келіннің сәлем салу дәстүрі беташардан басталады. Әдетте, беташарда күйеуінің ет жақын туыстарының әрқайсысына арнау өлең айтылған соң келінде, қолтықтап тұрған келіндер де иіліп сәлем салады. Келіннің беті ашылып, босаға аттаған күннен бастап, келін күйеуінің ағайындарына көрген кезде екі қолын алдына бір-біріне айқастырып қойып «сәлем бердік» деп дауыстап, өзі иіледі. Күйеуінің ағайындары жол-жөнекей кездескен күнде де осылай сәлем салады. Үлкендер келіннің сәлеміне «көп жаса», «бақытты бол» деп жауап қайтарады. Бұл дәстүр келіндердің күйеуінің ағайындарына деген ізеттілігін білдіреді. Сыр бойында сақталып отырған сәлем салудың екінші түрі табақ алу кезінде атқарылады. Ет жеп болған соң дастарқан басын­да отырған адамның үлкені табақты ұсынғанда, келін үнсіз сәлем салып барып алуы тиіс. Сыр келіндері осы өңірде қалыптасқан дәстүр бойынша ас желініп болғанын сез­ген бойда табақ алуға дайын тұрады. Үлкен жиын-той­да, ас, құдайы тамақ берілгенде, тартылған табақтың са­нына қарай ауыл келіндері бірінен-соң бірі тізіліп тұрып, әрқайсысы табақ аларда иіліп сәлем салады. Отбасын­да қонақ келмей-ақ өздері отырып, тамақ жеген соң да қелін табақ алу рәсімін жасайды. Бұл еттен дайындалған тамақты қазақтың үлкен асы деп санап, табақ басында отырған үлкендерге және шаңыраққа деген құрметтен туындаған.

Келінді жаңа ортаның салт-дәстүріне бейімдеп, жаңа тұрпатта қалыптастыруға байланысты жақсы ниетпен жасалатын іс-әрекет, шаралар мен ғұрыптар, сондай-ақ, жаманшылықтан сақтандыру үшін іс-әрекетке салынатын тыйымдар аз емес [3, 68-б.].

Келін түскеннен бастап жақсы ырымдар жасалады. «Оты өшпесін», «Ошақтан от кетпесін» деп ырымдап отқа май тамызады. Келін алғаш үйге кіргенде оң аяқпен аттатуды да жақсы ырымға жориды. Керісінше, бүйірін таяну – қайғының, жағын таяну – мұң-шердің белгісі деп ырым­дап, жүресінен отыруды әдепсіздік белгісі деп олай істеуге тыйым салады. Келінге қатысты ырымдар мен тыйымдардың көп болуы бір жағынан, олардың тәрбиелік мәнінің болу­ымен, екінші жағынан болашақ ананың денсаулығына, ұрпақ денсаулығына деген қамқорлықпен байланысты.

Келін киіміне келсекбойжеткен қыздан, әйелден ажыратып тұратын, жас келін (келіншек) екенін білдіретін киім үлгісі, келіндерге қатысты салт-дәстүрлер олардың киіну ерекшелігінен көрінеді. Сыр өңірінде ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша келін етек-жеңін жинап, яғни аяқ-қолын көрсетпей жеңі ұзын, етегі ұзын киім киген. Келіндер, үйде де, көшеде де орамалсыз жүрмеген. Келіндердің орамалсыз жүрмеу дәстүрі осы күнге дейін берік сақталып отыр. Жоғарыда келтірілген мәліметтер, Сыр бойындағы қазақы дәстүрдің қаймағы әлі бұзыла қоймағандығын дәлелдей түседі.

Келіннің киімі оның жаңа ортадағы әлеуметтік мәртебесін белгілейтін шарттардың біріне жатады. Олар – сәукеледен кейінгі – «желек жамылу», одан кейінгі «кимешек кию». Келін болып түскеннен кейін, сәукелесін сандыққа орап сақтап қойған келін кей жерде тұңғыш перзентін тапқанға дейін, кей жерде 2-3 балалы болғанға дейін «желек» жа­мылып жүреді. Желек – күрең өңді жеңіл мата­дан тігілген, баскиімнің шетін ала, шекені, маңдайды жаба келіп, бет қана ашық қалдырылатын, төгіле, денені орай жауып тұратындай етіп мол қамтылған, ұзындығы тізеден аса келетін ғұрыптық киім түрі. Белгіленген мерзім болған кезде мал сойып, ауыл кемпірлерін, абысын-ажын­дарын шақырып, арнайы атай отырып, келінің «желегін алып, кимешек кигізеді». Бұл – келіннің осы әулеттің толық мүшелігіне өтіп, ана, адал жар, үй иесі деген атаққа ие болғандығын айғақтайтын жас, әлеуметтік инициацияны белгілеген ғұрып болып табылады. Жас келін түрлі-түсті, зер жіппен кестеленген, моншақпен, танамен әшекейленген кимешек кисе, жасы ұлғайа келе ол әшекейлері азайған, реңкі біркелкі кимешек киетін болады.

Осылайша, өмір өткелдерінен өтіп, көп тәжірибе жинақтап, немере-шөбере сүйген аналар ауыл-аймаққа беделді болып, ер адамдар ауылда жоқта іс басқарып, мал сойғызып, қонақ күтіп аттандыруы қалыпты жайтқа айна­лады.

c59dcc53a384a631eb461bd442ac4baf.png

№3 сурет. Келіншек. ҚР МОМ қорынан (ФКП 141)

Келінге байланысты ырымдар өте көп.  Оның мәні бар әдет-ғұрыптың келінге қатысты түрлері. Мұндай ырымдар келін пәле-жаладан, тіл-көз тиюден аман болсын, аман-есен дүниеге дені сау ұрпақ әкелсін, несібесі көп болсын деген т.б. жақсы ниеттен пайда болған. Келін ұл тапсын деген ырым­мен оған қойдың ұлтабары ұсынылады. Түсік болмас үшін енесі келіннің етегін бүріп қояды. Енесі той-томалақтан, қонақтан қайтқанда дәметіп қалар деп қалтасына салып не орамалға түйіп дәм ала келеді (өйткені, келін дәметсе, оның меселін қайтаруға болмайды, емшегі ісіп кетеді). Жас келінді есік көруге шақырғанда немесе ол бір ауылға қыдырып барғанда үлкен әйелдер мен әжелер «итаяғына сал» деп оған сақина, жүзік сияқты заттар береді. Кейін келіншек босанғанда баланың шаранасын жуатын суға сол заттар­ды салып жіберіп, нәрестені жуады. Жуып болған соң, оларды сол жердегі әйелдер ырым етіп бөлісіп алады. Бұл ырымды итаяғына салу деп атайды [4, 45-б.]. Көз тимесін деп ырымдап жас келіннің төсек-орнына, тұтылған кілемге, шымылдығына үкі немесе тұмар тағып қояды.

Келін ауылдағы бір үйге кіргенде, қандай асығыс болса да тізе бүгуі, отыруы керек. Ол, бір жағынан, шаңырақты құрметтеу болса, екінші жағынан, сол үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзаулайды деп ырымдайды. Сондықтан келін не басқа біреу түрегеп тұрып шаруасын айтып, үйден шығып бара жатса, үй иесі: «Неге тізе бүкпейсің, біздің үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзауласын дейсің бе?» – деп реніш білдіреді.

Келинге қатысты ырымдардың кейбірі мынадай: екіқабат кезінде келіннің жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді; келін босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда ол тез босанады; адамның келін отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, келін екіқабат екен деп жорылады; екіқабат келіннің босанатын күні жақындаған кезде «Жер Ана, қуат бер» деп жалаңаяқ жүргізеді; аяғы ауыр немесе жас босанған келін түнде суға бармайды; екіқабат келін пышақ, ара, қайшы ұстаса мерзімінен бұрын босанады деп аяғы ауыр келінге ондай заттарды ұстатпайды; келін босана алмай қиналса, оның төбесіне қылыш ой­натады, белдеуге байлап айғырды кісінетеді, отқа тұз та­стайды, үйге еркектер кіріп, етектерін екі қолымен қағады, кейде мылтық атады; жаңадан қайнатқан сабынды жоғары қойса, ол үйге түскен келінөркөкірек болады; келін отауының несібесі көп, дастарқаны мол болсын деп, үйдің босағасын маймен майлайды; келін отынды үйде ошақтың бұтынан асырып жинап қойса, күйеуінің көңілі басқа әйелге ауады; пәле-жаладан аулақ болсын деп келіннің төсек-орнын арша түтінімен ыстайды; «Келін тілі» кәдесін бермесе, қыз келін болып түскен жерінде сақау болып қалады; жас келіннің төсі іссе, қайтыс болған адамды жуған қолғаппен аптайды; жаңа ай туғанда түскен келін баланы көп туады;  екі жас үйленген түні жұлдыз көп болса, олардың ұрпақтары да көп болады [5, 45-б.].

Келінге байланысты тыйымдар– келіннің жасауға болмайтын іс-әрекеттері, қимыл-қозғалыстары, ишаралары. Мұндай тыйымдар келінді жаман ырым­дардан сақтандыру үшін салынады. Келінге байланысты тыйымдардың екі түрі бар: бірі – келіннің жеке басына са­лынатын тыйымдар (келін ата-енесінің төсегіне отырмай­ды, жалаңбас жүрмейді т.б.), екіншісі – басқа үлкен-кіші адамдардың жаман ырымдардан сақтанып, өздерін тыйып ұстайтын іс-әрекеттері (жаңа түскен келіннің төсегіне басқа әйелді отырғызбайды, себебі жаман ырым жасап кетеді деп қауіптенеді. Баласы түсіп қала беретін әйелдер жаңа түскен келіннің төсегіне ешкімге білдірмей отырса, бала тоқтап, перзентті болады, есесіне жас келінге баланы аз табады деп ырымдап, ондай жағдайға жол бермейді; үлкендер келіннің алдында әдепсіз сөз айтпайды т.б.) [6, 211-б.].

Ертеден келе жатқан ырымдарға байланысты қазақ келіндерінің кейбір нәрселерді істеуден тыйылып, олардан аулақ болуға тырысатын тыйым түрлерінің күні бүгінге дейін тәрбиелік мәні бар. Келін орынсыз жерде күлмейді; үлкен кісілердің алдын кесіп өтпейді; өзінен жасы үлкен адамдардың атын атамайды; бөтен адам құрулы тұрған шымылдықтың ішін қарамайды; біреудің төсегіне отырмайды; адам жүретін жерге кірдің суын төкпейді; көп ішінде дауыстап сөйлемейді; жұрт жұмыс істеп жатқанда состиып тұрмайды; ауыл ішінде келін киіз үйдің сыртынан өтеді; ата-енесіне қарсы сөз айтпайды; үйге оң аяқпен кіреді; мал қорасы ішіне, құлаған үй ішіне дәретке отырмай­ды; келін жалаңбас жүрмейді;  желіні, ошақты, бақанды, ыдысты, арқанды, шаңырақты, баскиімді, Құранды аттамайды; күнге, айға, қабырстанға, ауылға қарап және жол үстінде дәретке отырмайды; үйге жүгіріп кіруге, жүгіріп шығуға болмайды; адамдар көзінше қасынбайды; бүйірін таянбайды; салт-дәстүрден, әдептен аттап өтпейді; ата-енелерінің көзінше баласын «өз балам» демейді, «атасының, әжесінің баласы» дейді; өтірік, өсек, ғайбат сөз айтпайды; біреудің қорасын қарамайды, есігінен сығаламайды; емшектегі сәбиді ұрмайды; жас келіндер қарашаңырақтың немесе ақсақалы бар үйдің төріне шықпайды; біреудің бетіне бажырайып қарамайды; келін ененің сөзін екі етпейді; кісіге қарсы қарап отырмайды, бір қырынан отырады; қазақ келіндері күйеуінің атын атамаған, бетіне қарсы келмейді; келін жыл толмай төркініне бармайды; көлікке мінгенде оның алдын орап өтпейді, арт жағынан өтеді; ата-ене, ақсақал, қайынаға алдында келін дауыс көтеріп сөйлемейді; жас келінге үлкендер көп қарамайды; қонақ келгенде келін үй сыпырмайды, баласына не басқа біреуге ұрыспайды; аяғы ауыр келін түйе етін жемейді. Егер жейтін болса, ба­ласын түйе сияқты ұзақ уақыт көтереді, мезгілінде тумай­ды деп ырымдайды. Сәбиі әлі қырқынан шықпаған болса, ол үйдің келінді түнде күл төкпейді. Жас босанған келіншек итке кет демейді, олай десе, тісі түсіп қалады; аяғы ауыр немесе жас босанған келін түнде суға бармай­ды; келін екіқабат болса, бала туғанда кіндігіне оралып қалады деп оған ине-жіп ұстатпайды; келін аяғы ауыр кезінде қоян етін жемейді, себебі бала­сы қоянжырық болып туады деп ырымдайды[7, 63]. Екіқабат келін арқан аттамайды, аттаса, баланың кіндігі мойнына оралып қалады дейді; түнде үй сыпырмайды, тырнақ алмайды; жұма күні кір жумайды, өйткені аруақтар ренжиді;  ыдыстағы судың, тағамның бетін ашық қалдыруға болмайды; үйге кіргізген отынды далаға қайта шығармайды; толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді; таң атып келе жатқанда, күн батып бара жатқанда, күн немесе ай тұтылып тұрғанда келін күйеуімен жақындаспайды, себебі бала жарым, кемтар болып туады деп ырымдайды; қарызға су сұрамайды немесе суды қарызға бермейді; үйдің бір адамы күйікке шалынған уақытта келін сирақ үйітпейді, себебі күйік тырысып қалады. Тігін тікпейді, себебі күйген жер қатты шаншып ауырады. Көпіртіп кір жумайды, өйткені күйік жарасы жазылмай, көпіршіктене береді; күлді, ескі жұртты баспайды, басқан адамның аяғы сырқырайды; шамды үрлеп сөндірмейді, өйткені ұмытшақ болады; ақты жерге төкпейді, төксе малдың желіні кетеді; пышақты шалқасынан қоймайды, ол үйдің малы пышаққа ілінеді деп ырымдайды; малды кендірмен байламайды, жыңғылмен айдамай­ды, ондай малдың басы өспейді; құмырсқаның илеуін басса-аяғы ақсақ болады; ал құмырсқаның илеуіне дәрет сындырған келін бала көтермей қояды; жаңбыр жауып кетеді деп өреден құрт алып жемейді; ай тоғамында келін түсірмейді; Келін итке ожаумен ас құймайды; инені тістемейді; мезгілсіз жүрмейді; үлкеннен бұрын сөйлемейді, отырмайды, жатпайды т.б [8, 105-б.].

Қорытынды. Қазіргі таңда қазақ қоғамында келінге деген көзқарас дәстүрлі емес.  Жас келіндер ескеретін бұлардан басқа да тыйымдар аз емес. Олардың біразы дәстүрлі қоғамға байланысты. азақ халқы салт-дәстүрге өте бай ел. Тек қазақ емес, қай халықты алсақ та өзіне тән әдет-ғұрпы, жөн-жоралғысы, тұрмыс-тіршілігі болады. Сондай-ақ, өздеріне тән дәстүрлерінен сол елдің мәдениетін де аңғарасың. Ал, сөзге бай қазақ халқының ұлттық дәстүрі – ат тергеу бүгінгі күні ұмыт қалып бара жатқан сыңайлы. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.

Ұлт дәстүрі бойынша келіндер атасының, қайынаға, қайынсіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып «мырза қайынаға», «бай атам», «би атам», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя білген. Мәселен, тапалды «сұңғағым», жайбасарды «жүйрігім» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Мұндай қимыл-қозғалыстар келін әдебіне жатпайды. Қазақ салтында қуанышты жағдайды білдіретін (мәселен, тақиясын аспанға ату, арқадан қағу т.б.) іс-қимылдардан басқаларын қолдану жаман ырымға саналып, оларды қайталауға тыйым салынған. Бірсыпыра ырымдар мен тыйымдар мақал-мәтел құрамында да ұшырасады.

Әдебиеттер тізімі:

1.Алтынсарин И. Очерк обычаев при сватовстве и свадьбе у кир­гизов Оренбургского ведомства // ЗООИРГО. Вып.1. Казань, 1870. С.104- 110;

2.Гродеков Н.И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Т.1. Юридический быт. Ташкент: Типо-Литография С.И. Лахтина, 1889;

3.Диваев А. О свадебном ритуале киргизов Сыр-Дарьинской области // ИОАИЭКУ. Кн.4. 1900. С.1-27;

4. Құдайбергенова А., Бекбалақ Қ. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр ерекшеліктері // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет ғұрыптары. 1-том. Біртұтастығы және ерекшелігі. Құраст. С.Әжіғали. Алматы: Арыс, 2005. 200-225 бб.;

5. Мейрманова Г.А. Этнологиялық зерттеу әдістері. Алматы, Қазақ университеті, 2017.

6.Қазақтың этнографиялық категориялар,ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия.  –  Алматы: РПК «Слон». - 1-том, 2011. - 736 б.

7. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия.  – Алматы: РПК «Слон», 2012- 736 бет.

  8. Тохтабаева Ш. Ж. Этикет казахов. Алматы, 2013.

References:

1.Altynsarin I. Ocherk obychaev pri svatovstve i svad'be u kirgizov Orenburgskogo vedomstva // ZOOIRGO. Vyp.1. Kazan', 1870. S.104- 110;

2. Grodekov N.I. Kirgizy i karakirgizy Syr-Dar'inskoj oblasti. T.1. Juridicheskij byt. Tashkent: Tipo-Litografija S.I. Lahtina, 1889;

3.Divaev A. O svadebnom rituale kirgizov Syr-Dar'inskoj oblasti // IOAIJeKU. Kn.4. 1900. S.1-27;

4. Қydajbergenova A., Bekbalaқ Қ. Oңtүstіk Қazaқstan қazaқtarynyң әdet-ғұrpy men salt-dәstүr erekshelіkterі // Kazak halkynyn dastүrlerі men әdet gyryptary. 1-tom. Bіrtytastygy zhane erekshelіgі. Kyrast. S.Azhіғali. Almaty: Arys, 2005. 200-225 bb.;

5. Mejrmanova G.A. Jetnologijalyk zertteu adіsterі. Almaty, Kazak universitetі, 2017.

6. Kazaқtyn jetnografijalyk kategorijalar, ygymdar men ataularynyn dastүrlі zhүjesі. Jenciklopedija.  –  Almaty: RPK «Slon». - 1-tom, 2011. - 736 b.

7. Kazaktyn jetnografijalyk kategorijalar, ygymdar men ataularynyn dastүrlі zhүjesі. Jenciklopedija.  – Almaty: RPK «Slon», 2012- 736 bet.

8. Tohtabaeva Sh. Zh. Jetiket kazahov. Almaty, 2013.

Г.А. МЕЙРМАНОВА, к.и.н., доцент

Казахский Государственный университет имени Аль-Фараби, кафедра Археологии, этнологии и музеологии.

ТРАДИЦИОННЫЙ ЭТИКЕТ КАЗАХСКОЙ НЕВЕСТКИ

Резюме

Автор рассматривает особенности традиционного этикета невест в казахском обществе. Родственники участвовали в сборе приданого невесты, жениху помогали собрать калым, большая часть которого раздавалась родственникам невесты, оказавшим ранее материальную помощь, а приданое раздавалось родственникам жениха. У казахов, как и у других народов Центральной Азии, при наличии строгой иерархической структуры семьи и обозначении места, роли, прав и обязанностей ее членов главный фокус психологического внимания всё же сосредоточивался на невестке (келін).

Ключевые слова: этикет невести, старший дом, свекровь, затпрет на произношении имени родственников мужа.

G.A. MEIRMANOVAPh.D., associate professor

Al-Farabi Kazakh State University, Department of Archeology, Ethnology and Museology

TRADITIONAL ETIQUETTE OF THE KAZAKH BRIDGE

Summary

The author considers the features of the traditional etiquette of brides in the Kazakh society. Relatives participated in the collection of a dowry of the bride, the groom helped to collect money, most of which was distributed to the relatives of the bride, who had previously provided financial assistance, and the dowry was distributed to the relatives of the groom. Kazakhs, like other peoples of Central Asia, with a strict hierarchical family structure and designation of the place, role, rights and duties of its members, the main focus of psychological attention is still focused on the sister in law (kelіn).

Key words: etiquette of nothing, senior home, mother-in-law, stamped on the pronunciation of the name of her husband's relatives.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь