Аңдатпа. Ғылыми жұмыста авторлар Шығыс Қазақстан облысы Қалба-Нарым өңірлерінде қола дәуірі кезеңінің зерттелу тарихы жайында мағлұмат берілген. Белгіленген аймақ қола дәуіріне тән көптеген ескерткіштердің шоғырланған жері деп айтуға болады, сондықтан ғылми жұмыста алғашқы зерттеу жұмыстары, археологиялық қазба жұмыстарымен айналысқан ғалымдар жайында сөз қозғалып отыр. Авторлар ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, алынған мәліметтер арқылы осы өлкедегі жүргізілген зерттеулерге қысқаша тоқталып кетеді. Ғылыми жұмыста XVIII ғасырдан бастап 1991 жыл Кеңес Үкіметі құлағанға дейін, аталған аймақта зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар жайында, сонымен қатар жеке коллекционерлердің аймақта алғашқы саяхаты негізінде, табылған заттар жайлы жазылған. С.С. Черниковтың Шығыс Қазақстан, соның ішінде Қалба-Нарым жоталарында, қола дәуіріне тән ескерткіштерге жүргізген, көптеген зерттеу жұмыстары ежелгі тайпалардың материалдық және рухани мәдениетін сипаттайды. Аймақта жасалған қазба жұмыcтардың қорытындыларына авторлар салыстырмалы анализ арқылы тақырыптың мәнін, мағынасын ашып көрсетеді. Ғылыми жұмыста қола дәуірі тұрғындарының дүниетанымында, жерлеу орындарын зерттеу негізінде: от, жоса, астаяқтың маңыздылығы, өміріндегі алатын рөлдері жайлы мәліметтер келтірілген. Атап айтқанда, Талапты-ІІ, Мыңшұңқыр-ІІІ, Құйған обалары, Зевакино селосы, Кіші қойтас, Нұрмамбет қорымдарындағы ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары орын алды.