Мақалада бұрынғы Ғылым академиясының, қазіргі «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының құрылуы тарихы баяндалады. Авторлар кітапхананың кітаптармен толықтырылуы, кітапхананың директорлары мен кітапхананы дамытудағы К.И. Сәтбаев, М.О. Әуезовтің тигізген үлесі жайында мәліметтер келтіріледі. Ғылым академиясы жанынан құрылған Кітапхана Кеңесінің атқарған жұмысына тоқталады. Сонымен қатар кітапхананың «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде сақталған шығыс, шағатай, қазақ және басқа тілдердегі қолжазбалар, сирек кітаптардың жиналуы, сақталуы мен олардың маңызын ашады.
Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев және т.б. тарихи тұлғалардың қолжазбалары мен кітаптарына, парсы, араб, қазақ, түрік, қытай және т.б. елдердің қолжазбаларына талдау жасалынады, деректік маңызы айқындалады.
Тәуелсіздік жылдарында кітапхананың сирек қор бөлімінің негізгі жұмыс бағыты мен өткізілген іс-шаралар, бөлімнің шығарған еңбектері баяндалады. Сирек қорды қолжазбалар мен кітаптармен, ұлттық әдебиеттермен толықтыру мақсатында арнайы түрде ұйымдастырылған экспедициялар, ғылыми іссапарлардың мәнісі нақтыланады. ХХ-ХХI ғасырдағы кітапханалар арасындағы айырмашылықтардың мәнісі түсіндіріледі.