Аңдатпа. Бұл мақалада Ш. Уәлиханов зерттеулеріндегі Шығыс Түркістанның этникалық-саяси тарихы мәселелері қарастырылады. Ғалымның Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған зерттеулеріне ХІХ ғасыр тұрғысынан баға беріліп, оның ғылымға қосқан үлесі көрсетіледі. Шығыс Түркістан ХІХ ғасырдың ортасына дейін әлемдік ғылымға белгісіз болып, оның негізгі халқы, мәдениеті мен шаруашылығы жөнінде ғылымда нақты пікірлер мен тұжырымдар болған жоқ. Шоқан Уәлиханов осы бос кеңістікті терең ғылыми зерттеулерімен толықтырды. Сол себепті де, оның бұл ел туралы жазған еңбектері мейлінше маңызды болып табылады. Мәселен, ғалым ұйғыр халқының этногенезін зерттеу барысында халықтың шаруашылығы мен мәдениетін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін кешенді түрде зерттеді. Ол Шығыс Түркістанның негізгі халқы ұйғырлардың этникалық құрамын ғылымда алғаш рет анықтап берді. Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның ежелгі және ғасырлардағы тарихын зерттеп, онда билік еткен хандардың генеалогиялық кестесін сыза отырып, онда буддизм діні мен ислам дінің үстемдік ету мерзімін анықтауға тырысқан. Ғалым әр уақытта деректерге сын көзбен қарап, салыстырмалы талдау жасау арқылы, өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын аса байыппен жасады. Қашғардан алып келген «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Тұғлық Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларына ерекше мән беріп, оларды өзінің еңбектерін жазу барысында кеңінен пайдаланып, ғылыми айналымға бірінші болып енгізді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінен кейінгі ұрпаққа зор рухани мұра қалдырып, Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде зор еңбек сіңірді.