Еуразияның далалық белдеуінде орналасқан Маңғыстау мен Үстіртте тас ғибадатханалардың көптеп шоғырлануы ғылыми түрде әлі толық түсініксіз жайт. Мүмкін, бұл аумақтың алыстығы мен қиындығы оның «жабық» рухани орталыққа айналуына әсер етсе керек.
Тас мүсіндер – Бәйте түріндегі ғибадатханалардың өзгеше және ең көрнекті белгісі, сондай-ақ Үстірт пен Маңғыстаудағы ежелгі тұрғындардың өнерін, идеологиясын және этнографиялық шынайылығын зерттеуде маңызды дереккөзі болып табылады.
Тас мүсіндер, негізінен, түрлі қару-жарақпен қаруланған ер жауынгерлердің бейнесін көрсетеді. Әр мүсінде жауынгерлік, жеке қасиет, тіпті кейіпкерлердің жасы да анық көрінеді. Әдетте тас мүсіндер кең иықты, толық қаруланған батырдың мүсінін елестетеді, сол қолы шынтағынан бүгіліп, қарынына қойылған, ал оң қолы төмен түсіріліп, жамбасына басылған. Осы кесте Үстірттің барлық дерлік мүсіндерінде бейнеленген, бұл оларды жасаушылардың салыстырмалы этномәдени біркелкілігін көрсетеді. Тас мүсіндерде әшекейлердің түрлері, белдіктердің үлгілері, қаруды қолдану әдістері ғана емес, сондай-ақ, көз қиығы бадам дәні тәрізді, жұқа тік немес салбыр мұртты, қыр мұрынды сол кездегі адамдардың сыртқы келбеті де анық бейнеленген.
Тас мүсіндерде бейнеленген заттар жиынтығына жасалған қысқаша талдаудың нәтижесі белдік, қылыш пен садақты қынап сияқты әскери жабдықтардың мүсін бейнесіндегі міндетті атрибуттар ретіндегі аса маңызды рөлін көрсетеді. Әлбетте, мүсінші нақты және ежелгі иконографиялық қағидаларға сүйене отырып, шынайы және сол заманға сай заттарды бейнелеген сияқты. Мұндай жергілікті ерекше қағидалардың қатарына жақсы қаруланған, бірақ шайқасқа қатыспаған кейіпкерді бейнелеу жатқызылуы мүмкін: ол ұрыс кейпінде емес, сыйыну күйінде тұруы ықтимал.
Кілт сөздер: Үстірт, Маңғыстау, сарматтар, ғибадатханалар, киелі нысандар, дүниетаным, тас мүсіндер, бейнелер, қару-жарақтар