Мақалада қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихы қарастырылады. Тілді оқыту барысында пәннің базалық білім мазмұнына байланысты оқушының ойлау қабілетіне, білім мазмұнының дүниетанымдық сипатына, дара тұлғаның интеллектуал қасиетін дамытуға, тақырыпты меңгертудің тиімді әдіс-тәсілдеріне көңіл аударылады. Бұл тұста оқулықта ұсынылған материалдың мазмұны мен құрылымы оқушының шығармашылық қабілетін өмірмен байланыстыра игеруге бағытталады.
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тілін оқытудың негізі XIX ғасырдан бастап қоғамдық-әлеуметтік басылымдарда ағартушылар тарапынан жан-жақты сөз болды.
XX ғасырда ұлт зиялылары мен әйгілі ғалымдар тіл мәселесін тереңдете зерттеп, тілді меңгерудің басты нысандарын айқындады. Қазақ тілінің әдістемесіне байланысты жарық көрген оқулықтар, еңбектер тіл білімінің барлық салаларын қамтый келіп, қазақ тіл ғылымын теориялық, практикалық жағынан өрістетуге ықпал етті.
Қазіргі қазақ тіл білімі көп салалы бағытты қамтиды. Уақыт тудырған соны ізденістер қанат жаюда. Осынау түрлі үдерістер төркінінен біз әркез дәстүр сабақтастығын іздейміз. Ол сабақтастықтың тамыры ертеректегі тілші ғалымдардың еңбектерінен бастау алады.
Қазақ тілі де, қазақ тіл ғылымы да қазір қоғамдық орта мен замана қалыптастырып отырған әралуан сұраныстар айдынына, ғылыми зерттеулер кеңестігіне шығып отыр. Сұраныс та, зерттеу де тілді оқытуға қатысты ой-пікірлерді зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мақалада қазақ тіл білімінің салаларын оқытуға байланысты аса көрнекті тілші-ғалымдардың еңбектері мен қонцептуалды ойлары қарастырылады. Өткен ғасыр басы мен өткен ғасыр ортасындағы ұлт тілін алаңдатқан сауалдарды түгендей отырып, жаңа бағыттағы тіл салаларын оқыту әдістемесін дамыту – бүгінгі міндетіміз.
Мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылды (Грант №АР08855685).