Аңдатпа. Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың ғылыми еңбектері мен тұжырымдары тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуында маңызы зор. Қазақ тарихы мен сөз өнері егіз, сондықтан академик Манаш Қабашұлы кәсіпқой тарихшы бола тұра, қазақ тарихы мен сөз өнерін бөліп жармай қарастырған тұлға. Өз зерттеулерінде автор қазақтың ойшыл-ақыны, хакім Абайдың өмірі мен қоршаған ортасын, өмір сүрген заманын, қызметі мен шығармашылығын терең талдап, жан-жақты қарастырған. Ғалым өзінің зерттеулерінде ақынды жете тануға талаптанғаны байқалады. Ол хакім Абайды өзіндік болмысы бар, шыншыл, сыншыл ақын деп білген. Тарихшының тұлғатану мәселесіне қатысты зерттеудегі жаңашылдығы тақырыпқа қатысты қалам тартқан кейінгі тарихшыларға әдіснамалық бағдар береді. Ғалымның хакім Абайды тану жолында жазған зерттеулерінің маңызы зор.
Берілген мақала барша абайсүйер қауымға, тәуелсіздік жағдайында Абайды зерттеп жүрген жас буын ұрпаққа пайдалы болар деген ойдамыз.