Ұсынылып отырылған мақаланың шешуі тиіс ғылыми мәселесі мен жаңашылдығы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отыр. Дамудың жаңа циклына еніп келе жатқан әлем елдерінің арасында алдыңғы қатардағы орынды иемдену үшін қазақстандық қоғамның санасын жаңғырту талап етіліп отыр. Бұл жаңғырту негізінен қазақ халқының тарихи тәжірибесіне, оның ұлттық дәстүрлеріне де арқа сүйеуі тиіс. Ұлттық түп-негізге, өз тарихына, ұлттық дәстүрлеріне негізделу АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Ресей және осы тәріздес G-20 кіретін басқа да алдыңғы қатарлы елдердің барлығына тән. Аталған және аталмай қалған басқа дамыған елдердің барлығы да өз тарихы мен дәстүрлерін өте жоғары бағалайды: яғни, ұлттық, діни мейрамдары мен киелі табыну орындары көптеген жағдайларда жалпыұлттық деңгейге көтерілген. Яғни, қазақ ұлтының бірегейлігін оңынан қалыптастырудың құрамдас бөліктерін айқындау үшін Оңтүстік Қазақстанның киелі жерлеріне байланысты туындаған ауызша аңыз-әңгімелер мен рәсімдердің рухани құндылықтарын жаңашылдықпен пайдалана отырып, жастарға патриоттық тәрбие беру мен сонымен бір мерзімде «Киелі Қазақстан» брендін де өмірге жылжыту қажеттілігі бірегей зерттеу әдіснамасын да қажет етеді.